Гуманитарлық көмектің бір күні

10.05.2017

7.15. Екі «газель» көлігі. Бірінің іші азық-түлікке толы. Екіншісіне балалар мен ересектерге арналған жылы күрткелер мен резеңке етіктерті тиеу керек. Ал газель паркингке сыймайды, өте биік, сондықтан заттарды тар баспалдақ арқылы сыртқа тасуға тура келді.


8.20. Жолға шығу уақыты таңғы 8, бірақ уақтты сәл ауыстыруға тура келді. Жол бағытын талқылап, жүктерді қайта тексеріп шықтық. Су тасқынынан зардап шеккендерге BI Group компаниясының қызметкерлері 15 миллион теңге жинады, ал компания басшылығы 30 миллион теңге бөлген болатын. Жиналған қаражаттың бір бөлігі Садовое ауылының тұрғындарына көмек ретінде жұмсалды.


Сонымен бұл бастамашыл топтың өкілдері кімдер? Бұл арнайы жұмыстың жетекшісі Мадиар, төрт тағылымгер, яғни «стажер» Ерболат, Шыңғыс, Ұлықбек және Наурызхан.

9.05. Астаналық кептетіліс бізді жолға тек 40 минуттан кейін ғана жіберді. Ауыл әкімі бізге хабарласып, біздің не алып келе жатқанымызды, қаншалықты көлемде екенін сұрады, бірінші әкімдікке соғып, қалай тарататынымызды талқылап алуымызды сұрады.

11.30. Гагаринское ауылы. Садовое осы ауылдың әкімдігіне қарайды. Осы жерде сәл аялдап, Серік Ахметов тұрғызған шаңғы базасына көз жібердік. Садовое ауылында негізінен Моңғолиядан келген оралмандар тұрады, барлығы 64 үй, оның 38-і толассыз ағыннан зардап шекті, дейді әкім.


12.00. Ауылға кірдік. Азық-түліктерді буып-түюді бастадық. Ал киімдерді кейінірек... Әкімдік қызметкерлері тізімдерін реттеуде.

Ерболат, Шыңғыс, Ұлықбек және Наурызхан күнделікті өмірге қажетті тұрмыстық химия, тіс пастасы, сабын, тазалағыш және жуғыш құралдар, дәретхана қағазы т.б бір пакетке буып-түйіп салуда. Азық-түлік – күріш, макарон, күнбағыс майы, ұн, қант, консервілер, печенье. Ешкімді ренжітіп алмау үшін, барлыған 38 отбасыға тең бөліп қойдық. Азық-түліктің бір бөлігін көрші ауылдағы мектеп-интернатқа беруді шештік.

  

12.30. Міне, осы ауылдың үйлерін шайып өткен Нұра өзені. Бір қарағаннан өзен деңгейінің бес-алты есе көтеріліп кеткенін байқауға болады. Өзенге тосқауыл болуы үшін құмға толтырылған қапшықтарды да көреміз, алайда олар еш көмектеспеген сыңайлы.


13.15. 64 үйдің 38-і ғана су тасқынына ұшыраған деп есептейді әкімдіктегілер. Алайда кейбір тұрғындар қалған үйлердің де зардап шеккенін, комиссияның еш байқамағанын айтады. Тіпті үйлерін өз көзімізбен көруге де шақырғандар аз емес.


Мадиармен бірге сол үйлердің біріне бардық. Шынымды айтсам, үйден ылғалдың иісі білінбейді, десе де еденнен төбеге дейін қабырғаларда жарықтар пайда болған. Ал кіреберісте біздің гуманитарлық көмектің пакеттері тұр.

Біз азық-түліктерді 38 үйге бөліп қойған болатынбыз, өйткені тізім бойынша солай. Ал әкімдіктің зардап шеккен кейбір тұрғындарды тізімге қоспауының салдарынан, адамдардан аз-маз көңіл толмаушылық байқалды.


14.50. Газельден  киімдерді шығаруды бастадық. Бір қызығы, киімнің айналасында бірде-бір дау-дамай болған жоқ.

 

15.20. Қалған етіктер мен күрткелерді алатын адамдар болмағандықтан, интернатқа таратып бердік.

16.20. Үйге қарай жол тарттық. Барлығы риза. Бұл күн біз үшін ерекше өтті.

 


Возврат к списку