Ұлтым басқа, бірақ қазақ тілінде сөйлесуге тырысамын Георгий Чаркин

11.10.2017

Бала кезде кім болуды армандайтыныңыз есіңізде ме? Бірі ғарышкер, бірі дәрігер... Уақыт өте келе ойыңыз өзгеріп, қызығушылығыңыз басқа мамандыққа бұрылады. Ал қанша уақыт өтсе де балалық шақтағы армандарын еш өзгерпейтіндер де бар, солардың бірі біздің компанияда қызмет ететін Георгий есімді әріптесіміз, ол бала күннен адамдарға көмектесуді, қоғамға өз пайдасын тигізуді армандайтын. Оның қазір де атқарып жүрген қызметі осындай, дәлірек айтсақ Бақыт менеджері.

 
Георгий Чаркин компанияға 2014 жылы орналасты, Family Village жобасында жұмысын бастаған. Кейін басқа компанияларда да жұмыс жасаған, бірақ осы уақыт аралығында әрдайым өзін құрылыс саласына, әсіресе  BI Group-қа тартып тұрғанын жасырмады. Компанияға қайтып оралып, міне бақыт менеджері болып жұмыс жасап жатқанына бір жылдай болды.

«Маған өз жұмысым ұнайды. Мен білімім бойынша құрылысшы емеспін, менеджмент мамандығы бойынша жоғары білімім бар, бірақ мені әрдайым құрылыс саласы қызықтыратын. Қазір бақыт менеджері ретінде мен «7Я» тұрғын үй кешенінің 400-ге жуық болашақ тұрғындарымен жұмыс жасаймын. Бақыт менеджерінің басты міндеті – клиенттермен ортақ тіл табыса білу, құрылыс объектісінде оларға бағыт-бағдар бола білу, олардың қызықтырған барлық сұрақтарына жауап бере білу. Мысалы, клиент сату бөліміне келіп өзінің болашақ пәтерін, оның жоспарлауын таңдайды. Ал объектіге келгеннен кейін оның барлығын ұмытып қалады. Міне, сол кезде оларда сұрақтар туындай бастайды. Ал біз өз кезегімізде біз енгізген инновациялар туралы, жалпы объекті туралы толық ақпарат береміз».

Георгий ұлты орыс болғанымен қазақша да сөйлеуге тырысады: «Менің ұлтым орыс, бірақ мен қазақстандықпын, сондықтан да мемлекеттік тілімізді білу керек деп ойлаймын».

Әрине, бақыт менеджері – біздің қоғам үшін жаңа мамандық, оның атауына да көпшілік әлі үйренбеген. Адамдардың олардың мамандықтарын алғаш рет естігенде қалай қабылдайтынын да біз біздің кейіпкерімізден сұрап білдік.

«Адамдар біздің мамандығымызды естігенде, оның жаңа мамандық екенін білгенде, олардың көңіл-күйлері көтеріле түседі. Бірге күліп, объектіге қарай барамыз. Бізді естіп, қызметімізді көргеннен кейін біздің мамандықтың не себепті бұлай аталатынын түсінеді. Олардың ұсыныстарын, ескертулерін тыңдап, барлық сұрақтарына жауап береміз. Клиенттердің қалауын мейлінше ескеруге тырысамыз. Бақыт менеджерінің басты мақсаты – клиенттерге дұрыс шешім қабылдауға көмектесу», - деп атап өтті біздің сұқбаттасушымыз.

Табысты адам барлығына үлгереді, Георгий сүйікті жұмысымен бірге сүйікті жанұясына да көңілін бөледі. Жұбайы әрдайым оның барлық бастамаларын қолдап отырады, 5-жасар ұлы да ер жетіп келеді. «Мен ең бақытты адаммын!» деп зор қуанышпен әңгімесін аяқтады біздің Георгий. ​


Возврат к списку